ФЕДЕРАЦИЯ

Федерация туралы

«Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі елімізде олимпиадалық күрес түрлерін дамытуға, үйлестіруге және халықаралық деңгейде ілгерілетуге жауапты ұлттық спорт ұйымы болып табылады.

Федерация Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған және United World Wrestling (UWW) халықаралық күрес федерациясының толыққанды мүшесі. Федерация 1992 жылы құрылды. Осы уақыттан бері қазақстандық күрес әлемдік аренада өз орнын айқындап келеді. Бүгінде Федерация республикалық чемпионаттар мен біріншіліктерді ұйымдастырып, ұлттық құрамалардың халықаралық жарыстарға қатысуын үйлестіреді.

Құрылған сәтінен бастап спорттық ұйым Олимпиада бағдарламасына енген үш бағытты дамытып келеді:
• грек-рим күресі;
• еркін күрес;
• әйелдер күресі.

Федерацияны әр кезеңде олимпиадалық күрес түрлерінің дамуына үлес қосқан білікті басшылар басқарды. Тоқсаныншы жылдардың ортасынан бастап Дәулет Тұрлыханов Федерация қызметіне белсенді араласып, басқару құрылымдарында жұмыс істеді және кейіннен құрметті президент мәртебесіне ие болды. 2001-2005 жылдары президент қызметін Ерлан Қожасбай атқарып, осы кезеңде ұйымның институционалдық негізі нығайтылды. Кейін федерацияны Серік Сұлтанғали басқарды. 2014-2021 жылдары президент болып Сауат Мыңбаев сайланды. 2021-2025 жылдары Дәулет Тұрлыханов федерацияға басшылық етті. Ал 2025 жылдың 5 желтоқсанда өткен кезектен тыс конференцияда Еркін Оқасов федерация президенті болып сайланды. Федерация басшылығы күрес инфрақұрылымын нығайтуға, жаттықтырушы кадрларды даярлауға, төрешілер корпусын жетілдіруге және өңірлік федерациялар жұмысын дамытуға тұрақты көңіл бөліп келеді. Бүгінде федерация еліміздегі күрес мектептерінің дамуын қолдап, жас спортшылардың халықаралық деңгейде сапалы дайындалуына жағдай жасайды.

Федерацияның негізгі міндеттері:
• грек-рим, еркін және әйелдер күресін жүйелі дамыту;
• республикалық және халықаралық чемпионаттар өткізу;
• құрама командаларды жасақтау және оларды халықаралық жарыстарға даярлау;
• жаттықтырушылар мен төрешілердің кәсіби біліктілігін арттыру;
• UWW стандарттарына сәйкес төрешілік жүйесін жетілдіру;
• бұқаралық және балалар-жасөспірімдер спортын дамыту;
• спортшыларды Олимпиада ойындарына, Әлем және Азия чемпионаттарына даярлау.

Федерация UWW мүшесі ретінде халықаралық жарыстарға қатысу және күресті дамытуға қатысты халықаралық талаптарды басшылыққа алады. UWW штаб-пәтері Швейцарияның Веве қаласында орналасқан. Ұлттық күрес мектебінің дәстүрлері мен заманауи даярлау технологияларының үйлесуі қазақстандық балуандардың әлемдік деңгейде бәсекеге қабілеттілігін нығайтып келеді. Сонымен қатар, федерация инфрақұрылымды жетілдіруді, даярлау жүйесін жаңғыртуды және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуді стратегиялық басымдық ретінде қарастырады.

Негізгі мақсат – жаңа буын чемпиондарын тәрбиелеу және Қазақстанның спорттық беделін арттыру.

  • Негізделген жыл: 1992
  • МЕКЕНЖАЙ: <p>Астана қ., Қарқаралы к., 15</p>
  • ТЕЛЕФОН: +7 701 350 0338
  • ЭЛЕКТРОНДЫҚ ПОШТА: office@wrestling.kz